Mazhab.kz діни-танымдық порталы іске қосылды!
Mazhab.kz діни-танымдық порталы іске қосылды!

Баршамызды жоқтан бар етіп жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ-мақтаулар болсын! Алланың аманатын бізге жеткізіп, хақ дінді үйреткен соңғы елші Мұхаммед пайғамбарымызға сансыз салауат-сәлемдерімізді жолдаймыз.

Бүгінгі таңда жер беті мұсылмандарының тең жартысына жуығы дін Исламның Ханафи мәзһабын ұстанатыны мәлім. Біздің де ата-бабамыз сан ғасырдан бері осы мәзһабты ұстанып, өміріне тірек етіп келгені көзі қарақты қауымға аян. Алайда соңғы кездерде Құран мен Хадис тұрғанда мәзһабтың не қажеті бар? Аят-хадиспен жүрсек те жетпей ме деген секілді асығыс айтыла салған сөздерді есітіп те, оқып та жүрміз. Мұның бәрі мәзһаб деген ұғымның не екенін жете түсінбеу, жыға танымаудан туындап жатқан сыңаржақ пікірлер болса керек.

Осы ретте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұлтымыздың рухани темірқазығы болып келген,осы мәзһабты насихаттауға бар күш-жігерін салып келеді. Осы мақсатта түрлі кітаптар, оқулықтар жазылып, үнтаспалар мен бейне өнімдердің шығуына да мұрындық болып келеді. Дегенмен бұл бағытта әлі де атқарылуға тиісті шаруалар ұшан теңіз екенін мойындауымыз қажет.

Көптен бері мақсат етіп, нысанға алып жүрген осындай маңызды шаралардың бірі момын жұртымызға ханафи мәзһабының қыр-сырын түсіндіретін діни-танымдық портал ашу болатын. Міне, бүгін сол мақсатымыз іске асып, «Мәзһаб.кз» деп аталатын жаңа діни-танымдық портал өз оқырмандарына жол тартып отыр.

Ана тілімізбен қатар орыс тілінде де насихат жасайтын бұл портал тек Павлодар өңірінде ғана емес, бүкіл республикалық деңгейде жұмыс жасауына бар күшімізді салмақпыз. Осы портал арқылы бір кісінің болса да Аллаға деген шынайы иманы оянып, екі дүниелік бақытқа кенеліп жатса мақсатымыздың орындалғаны деп білеміз. Елімізге танымал дінтанушы-ғалымдармен тығыз байланыса отырып жасайтын алдағы жұмыстарымызға Алла Тағаладан жеңілдік пен береке сұраймыз.

Құрметті жамағат! Дін мен діл, тіл мен мәдениет, дәстүр мен салттың тазасын тұтынып, қасиетті Ислам руханиятының кәусар бұлағынан қанып ішкісі келген қауымға "Mazhab.kz" діни-танымдық порталы сенімді серік болса деген үкілі үмітіміз бар.

 Алла Тағала елімізге амандық, жұртымызға тыныштық, дінімізге қуат берсін!

ҚМДБ-ның Павлодар облысы
бойынша өкіл имамы Нариман Исенов

Амантай ТойшыбайұлыАмантай Тойшыбайұлы
9 жыл бұрын 7048
2 пікір
  • Құтты болсын Нәке! Халқымыздың дұрыс діни сауатын ашуда жемісті қызмет етеді деген сенімдеміз. Алла сайт ұжымына сәттілік берсін!
    9 жыл бұрын
  • Құтты болсын! Ерекше қарқынмен ашылған сайттардың бірі деп ойлаймын. Осы серпінмен алдағы уақыттарда да барша үмметтің ықыласына бөлене берсін!
    9 жыл бұрын
Блог туралы