Менің атым «Мүмкіндік»
Менің атым «Мүмкіндік»

Ұстаз үш шәкіртін ертіп жеміс бағына келеді де: «Мына баққа кіріңдер де көздеріңе түскен ең үлкен, ең әдемі жемісті ұрлап алыңдар. Сосын арттарыңа қайырылып қарамастан қарсыдағы есіктен шығып келіңдер. Мен сендерді сонда күтемін» депті.

 Бірақ қарсы есіктен шығып келген шәкірттерінің қолы түгелдей бос еді. Оларға жемістердің анасы да үлкен, мынасы да үлкен көрініп, тағы алға қарай жүрсем бұдан да әдемісі, жақсысы, артығы кездесіп қалар деген дәмемен жүгіре –жүгіре ақыры бірде-бір жеміс ұрлай алмай бақшаның келесі есігінен бірақ шыққандары осы екен.

 Өкініп қалған шәкірттері қайта кіріп жеміс бағын тарақтап шықпақ болғанда ұстазы олардың алдын бөгеп былай депті:

 «Ертеде бір шебер адам өз ауласына аяғында қанаты бар, маңдайында қою шашы бар, бірақ желке жағы қасқа адамның мүсінін қоладан жасап орнатыпты. Бұл күлкілі мүсінді көріп күле бастаған адамдар мүсіннің тағанына жазылған жазуды оқығанда күлуін қояды екен. Ол жазуда:

 -Атың кім?

 -Менің атым «Мүмкіндік»

 -Қанатың неге аяғыңда?

 -Тез жоғалып кетуім үшін

 -Қою шашың не үшін маңдайыңда ғана?

 -Менің келе жатқанымды көріп кім болса да тез ұстай алуы үшін

 -Олай болса не үшін желке жағың қасқа?

 -Мен өте шыққан соң адамдар ұстай алмауы үшін-деп жазылған екен дейді. Ендеше қадірлі шәкірттерім! «Мүмкіндік» деген нәрсе дәл осы мүсін тәріздес болады. Анау-мынау деп ойланып жүріп қалсаң жалт етіп өте шықпақ. Демек біз өміріміздің әр сәтін қалт жібермей назарда ұстап, «мүмкіндік осы шығар?» деген ой келе бергенде артық ойланбастан шап беріп ұстай алуымыз керек»,-депті.

 

Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ

Амантай ТойшыбайұлыАмантай Тойшыбайұлы
9 жыл бұрын 3263
0 пікір
Блог туралы